Тау-кен саласы: Қазақстан үшін Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанның инвестициялық сабақтары

Тау-кен саласы: Қазақстан үшін Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанның инвестициялық сабақтары

«MINEX Kazakhstan 2026» конференциясында тау-кен саласын реттеу мәселесін елдерді формалды салыстыру тұрғысынан емес, инвестор көзімен қарастыру ұсынылды. Халықаралық капитал өңірге қалай қарайды және Қазақстан ұқсас юрисдикциялардың тәжірибесінен қандай инвестициялық сабақтар ала алады. Маңызды минералдар үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында бұл мәселе ерекше практикалық мәнге ие болып отыр. Бүгінде жобаларды тек инвесторлар ғана таңдамайды. Мемлекеттер де инвесторлар, технологиялар мен құзыреттер үшін өзара бәсекеге түсуде.

Инвестор геологиялық және нарықтық тәуекелдерді қабылдауға дайын, бірақ ережелердің болжап болмайтын өзгерістеріне дайын емес.

Юрисдикцияны таңдаған кезде инвестор бес негізгі факторды бағалайды: лицензияның тұрақтылығы, салықтық режимнің болжамдылығы, инфрақұрылым, валюталық режим және мемлекеттің рөлі. Салық мөлшері маңызды болғанымен, ережелерді ұзақ мерзімді қаржылық модельге енгізу мүмкіндігі және олардың дәйекті түрде қолданылатынына сенім де кем емес маңызды.

МОҢҒОЛИЯ. Оюу-Толгой (Oyu Tolgoi) жобасы әлемдік деңгейдегі ресурстық базаның өзі стратегиялық жоба шарттарына қатысты ұзаққа созылған белгісіздіктің орнын толтыра алмайтынын көрсетеді. Инвестициялық сабақ қарапайым. Мемлекеттің мүддесі қорғалуы тиіс, бірақ тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін ашық диалог пен болжамды ережелер қажет.

ӨЗБЕКСТАН. 2025 жылы күшіне енген Өзбекстан Республикасының «Жер қойнауы туралы» жаңа Заңы мемлекеттің белсенді рөлін сақтай отырып, саланың біртіндеп ашылып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай модель – басым жобаларды іске қосуды жеделдете алады, алайда, нарық үшін қолжетімділіктің түсінікті критерийлері мен құқық қолданудың бірыңғай тәжірибесі аса маңызды. Инвестициялық сабақ: басқарылатын ашықтық инвестор үшін барынша айқын болған жағдайда тиімді жұмыс істейді.

ҚЫРҒЫЗСТАН. Құмтөр (Kumtor) кен орнының тәжірибесі, жобаның тұрақтылығы, тек лицензия мен орталық мемлекеттік органдармен жасалған келісімдерге ғана байланысты емес екенін еске салады. Экологиялық мәселелер, жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимыл және өңірлердегі тұрақтылық тіпті қуатты активтің экономикасын елеулі түрде өзгерте алады. Инвестициялық сабақ: әлеуметтік және реттеушілік тәуекелдерді қаржылық модельден бөлек қарастыруға болмайды.

ҚАЗАҚСТАН. Елдің бастапқы ұстанымы мықты. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс, лицензиялық модель және қатты пайдалы қазбаларды барлау саласында қолданылатын «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты. Бұл артықшылықтарды сақтау маңызды. Инвестор үшін тек салықтық жүктеменің деңгейі ғана емес, оның болжамдылығы, шешім қабылдау жылдамдығы және артық әкімшілік араласудың болмауы да маңызды. Бұл, әсіресе, капитал сыйымдылығы жоғары, мерзімі ұзақ және сәтсіздік ықтималдығы жоғары геологиялық барлау саласы үшін өзекті.

НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫ. Тұрақтылық, ашықтық және шешім қабылдау жылдамдығы юрисдикцияның дербес бәсекелестік артықшылықтарына айналуда. Заманауи кодекс болжап болмайтын әкімшілік араласумен ұштасатын гибридті модель сенімді төмендетеді. Қазақстан мемлекет мүддесін қорғау мен инвестордың ұзақ мерзімді логикасын тең ұштастыра отырып, түсінікті әрі дәйекті ойын ережелерін одан әрі дамыту арқылы өңірдегі көшбасшылық позициясын сақтап қала алады.

Самат Даумов, GRATA International серіктесі, Астана кеңсесінің басшысы

Kazakhstan
Mining